Бұл мектеп - ағамның таңдауы
24 августа 2022, 00:002-бөлім
Банчан сәл ғана жымиды да, Ликске қарап: - Хёнджиннің жанында бос орын бар, сонда отырсаң болады - деп әлгі жігітті нұсқады. "Демек, есімің Хёнджин екен ғой!" - деді Феликс іштей. Жігіт Хёнджиннің жанына келіп отырды, ал ол болса көздерін Ликстен алмай: - Бағана сені көргенде, біздің сыныпқа көшіп келеді деп ойламаған едім. - деп ақырын ғана үн қатты. - А, солай ма?! - деп Ликс сәл күлімдеді. Неге екені белгісіз, бағанадан бері өзін өте сенімді ұстаған Феликс, енді мына жігіттің жанында қобалжи бастағандай болды...
* * *
Асхана. Дәмді тағамдар иісі... Оқушылардың бірі тамақ салдырып жатса, екіншілері ас үстінде қызу әңгімелесіп отыр. Феликс жалғыз өзі тамақтанып отыр еді, кенет оның жанына Хёнджин келді:
- Ас болсын, Феликс Ли! - Рахмет. - Сенің жаныңа отырсам, қалай қарайсың? - Әрине, қалауың білсін. - деді Феликс ақырын ғана. Хёнджин сәл жымиды да, жігіттің жанына жайғасты. Алайда, әлі де көздерін Ликстен алмауда, бұны сезген Феликс:
- Бір жағдай болды ма?! - деп Хванның көздеріне қарады. Ал Хёнджин болса сәл күлімдеді де: - Жоға, жай ойланып кетіппін. - деп жауап қайтарды. - Негізі, саған қояр сұрағым бар еді. - Құлағым сенде, қандай сұрақ? - Феликс, не себепті осы мектепке ауыстың? - Білмеймін, бұл мектеп - ағамның таңдауы, менікі емес. Бәлкім үйге жақын болғандықтан шығар?! - деді Ликс сәл ойланып. - М-м-м, түсінікті - деді Хван ақырын ғана - Ал сен мына мектеп туралы ғаламтордан ақпараттар іздеп көрдің бе? - Жоқ, ал онда қандай да бір маңызды мәлімет бар ма?! - Ликстің бұл сөздерінен кейін Хван сәл ойланды да: - Сен осында ауысып қойғаннан кейін, бұның қандай да бір маңызы бар деп ойламаймын, себебі бұл мектептен кетем десең де, енді басқа мектептер оңайлықпен қабылдай қоймас...
* * *
Қоңырау кезі. Феликс айналаны бір шалып шықпақшы болып, мектептің шатырына көтерілді. Бұл жерден айнала алақандағыдай көрінеді екен. Салқын самал жел соғып, жігіттің шаштарын ақырын ғана тербеуде. Бір мезетте, ойланып тұрған Ликстің қолынан біреу шап беріп ұстап алды. Феликс ол адамға жалт бұрылып қараса, бұл бойы Ликспен шамалас, қоңыр шашты, сымбатты жігіт екен! Алайда, жүзі суық көрінеді. - Сен Феликс боларсың?! - деп жігітке жақындады.
- Дәл өзімін. - деп Ликс те тайсалмай, оның көздеріне тура қарады. Әлгі жігіт біраз үнсіз тұрды да: - Демек, бәрінің айтып жүрген "жаңадан келген сымбатты жігіті" сен болдың ғой?! - Түсінбедім?! - Ал білесің бе?! Олар өтірік айтпаған екен - деді әлгі жігіт әлі де Ликстан көздерін алмай. - Бәлкім қолымды жіберерсің?! - Ал жібермесем ше?! - Феликс күшке салып, қолын бірден тартып алды. Әлгі жігіт болса сәл таңғалды да: - Ал керек болса?! - деп миығынан күлді. - Сен кімсің?! - деді Феликс сабырлы түрмен.
- Минхо, Ли Мин Хо. - деп жігіт есімін буындап айтты да, Феликске тағы да жақындап, - Есіңе сақтап ал! Сен бұл есімді әлі талай рет еститін боласың! - деп кетіп қалды. Феликске бұл жағдай мүлдем ұнамаған еді. "Түсінбедім. Мынау жаңа ғана келіп, маған дікеңдеп кетті ме?! Ішім сезеді, бұл жігіттің маған әлі де бірнеше рет қыр көрсететіні анық!" - деп ойлады Ликс іштей...
* * *
Кеш. Феликс терезенің жанында отырып алып, бүгін болған жайттардың бәрін саралауда. Шамасы Хёнджин жұмсақ мінезді, ойын ашық жеткізетін жан болса керек, ал Минхо болса құдды бір Хёнджинге қарама-қарсы адамдай. Феликстің ойынша оның жүзінен ешқандай да жылулық байқалмайды. Осы сәтте бағана Хванның оған айтқан сөздері есіне түсе кетті.
Бірден қолына смартфонын алып, мектеп жайлы ақпараттар іздестіре бастап еді: "...ұлдар жоғары мектебінде төбелес..." "...KMHS мектебі тағы да шудың астында қалды..." "КMHS ұлдар жоғары мектебіндегі төбелес салдарынан 7 адам жарақат алды..." сынды мақалалар ғаламтор бетінде жарқылдап, бірінен соң бірі шыға берді...
2-бөлімнің соңы
Пока нет комментариев. Авторизуйтесь, чтобы оставить свой отзыв первым!