Феликс сенің ең жақын досың
8 мая 2023, 07:53Елестетші Феликс сенің ең жақын досың, екеуіңнің дос болып жүргендеріңе біраз жылдың жүзі болды...
Сен Феликс жайлы, ал ол өз кезегінде сен жайлы бәрін біледі, екеуің бір-бірлеріңді үн қатпай-ақ, бір көзқарастан түсінесіңдер. Елестетші, Феликс сені әрдайым қолдап, қорғап жүреді... Сен де Феликске әрдайым нағыз дос болып, оған керек кезіңде жанынан табылатынсың...
Елестетші, бір күні Феликс біраз уақытқа шет елге - Аустралияға кететінін хабарлады. Сен бұл жаңалыққа аса қуана қоймадың, жүрегіңе ауыр жүк түскендей болып, көңілің босап кетті. Алайда оны досыңа білдіртпеуге тырыстың, себебі ол үшін бұл сапардың маңызды екенін білетінсің - Феликстің ата-анасы Аустралияда тұратын еді. Жігітке ол үшін өте қуанышты екеніңді айтып, құшақтап, сол арадан тез-тез кетіп қалдың...
Елестетші, үйіңе келіп, өз бөлмеңе кіргенде бағанадан бері әрең ұстап тұрған эмоцияларың біртіндеп сыртқа шыға бастады: сенің тұла бойыңды біресе ыза, біресе мұң кернеп, бір сәтке есіңнен адасып кетердей сезімде болдың... Шыны керек, Феликске ызаландың, "қалайша бұндай хабарды ертерек айтпай, дәл кететін кезінде ғана айтты екен?! Оған қоса, сол хабарды жеткізгенде бұндай сабырлы болар ма еді? Сонда менің ол үшін көк тиындық құным жоқ болғаныма?!" - деген ойлар сенің тұла бойыңды кернеп барады... Ызаланып, төсекте өз жайымен жатқан жастықты соғып, үстел үстін бір жайпап өттің, тіпті терезе алдында тұрған сүйікті вазаңды да шағып тастадың.
Сен сол "тарс" еткен дыбыстан кейін ғана оянғандай болып, санаңдағы сан түрлі ойларың тынышталды. Бір сәттік үнсіздіктен кейін бағанадан бері сені кернеп тұрған ашу су сепкендей басылып, оның орнын мұң басты... Сен өзіңді әлсіз сезініп, бірден жерге отыра кеттің, көңілің босап, көз жасыңа ерік бердің...
Жай ғана үндемей бір жылап алдың... Біраз уақыттан кейін, жылап болған соң, іштей бір жеңілдік сездің. Құдды бір бағанадан бері жүрегіңде тұрған ауыр тас жоғала бастағандай... Енді ғана өз-өзіңе келіп, тынышталдың... Тынышталдың да, дұрыстап ойлана бастадың... Шыны керек, бұл күннің бір күні туарын сен білген едің, іштей сезген едің, алайда дәп осыншалықты аяқ астынан болатынын білмедің, оған қоса дәл осылай саған ауыр тиеді деген ой сенің үш ұйықтасаң түсіңе кірмеген еді...
"Феликс бүгін түнгі рейспен ұшады... ұшып кетеді сол Аустралиясына... 3 жылға... бақандай 3 жылға..." - дедің іштей өз-өзіңнен күбірлеп - "3 жыл ішінде ол мені тіпті ұмытып та қалатын шығар, есіне де алмайды... Белгілі жайт, дәл қазіргідей дос та бола алмаймыз, арақашықтық өз рөлін атқарады... " - деп тағы бір күрсіндің - "Ол расымен де маған бұл хабарды ертерек айта алмады ма екен?! Бәлкім ертерек айтса, маған бұл жайт дәп осылай ауыр тимес пе еді?! Неге? Неге маған бұл жайт соншалықты ауырлық әкеліуі керек? Неге..." Бір кезде сенің ойларыңды кенеттен шырылдаған есік қоңырауы бұзды...
Жалғасы бар...
Сіздердің жылы сөздеріңіз авторға шабыт береді...
Пока нет комментариев. Авторизуйтесь, чтобы оставить свой отзыв первым!